КОНСУЛЬТАЦИЯЛАРҒА АРНАЛҒАН КОЛЛ-ОРТАЛЫҚ 24/7 — WHATSAPP +77018935610
«Есірткісіз Маңғыстау» — жастардың есірткіден аулақ болуына жағдай жасап, қоғам назарын маңызды мәселеге аударуға бағытталған. Жоба аясында бірнеше жұмыстар қолға алынатын болады. Атап айтқанда:👇
– Әлеуметтік желілерде пайдалы контент пен бейнероликтер таратылады.
– Ата-аналар мен жастарға арналған ақпараттық материалдар әзірленеді.
– Мектептер мен колледждерде кездесулер ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, кибер еріктілер пулы құрылады. Олар:
– Заңсыз есірткі жарнамасын анықтап, құзырлы органдарға хабарлайды.
– Арнайы оқытудан өтіп, сертификат алады.
– Онлайн кеңістікте қауіптің алдын алуға көмектеседі.
Жоба барысында синтетикалық есірткіге тәуелді азаматтар мен олардың жақындарына арналған Telegram-бот іске қосылады.
Тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталық ашылады. Облыстың 5 ауданы мен 2 қаласын қамтитын ақпараттық турлар өтеді. Психологтар мен мамандар салауатты өмір салты туралы түсіндіреді. Бұл – есірткісіз болашақ үшін нақты қадам болмақ! Бірге атсалысайық! 💪
3 маусым күні Ақтауда Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Есірткісіз Маңғыстау» жобасының ресми таныстырылымы өтті.
Жобаның негізгі мақсаты – жастар арасында синтетикалық есірткі және психотроптық заттардың таралуының алдын алу, зиянды заттардың салдары туралы кеңінен ақпарат тарату және бұл мәселеге қоғамның назарын аудару.
Таныстырылымға Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай, өңірлік полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Камиль Будайчиев, «Қоғамдық денсаулық сақтау институты» жеке меншік мекемесінің жетекшісі Эльмира Ақдаулетова мен жоба үйлестірушісі Арслан Индершиев және қоғам, азаматтық, спорт саласының өкілдері қатысты.
-Жоба аясында арнайы ресми сайт пен әлеуметтік желілерде парақшалар іске қосылады. Сол арқылы біз әртүрлі медиаөнімдер әзірлеп, синтетикалық есірткі және психотроптық заттар туралы ақпараттарды ата-аналарға, балаларға, жастарға таратуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, облыста алғаш рет заңсыз жарнамамен күрес жүргізетін кибер еріктілер пулы құрылмақ. Олар арнайы оқыту бағдарламасынан өтіп, сертификат алады. Кейін бұл бағытта ақысыз негізде ерікті қызметін атқаратын болады, — деді Мұқаш Оралбай.
Сондай-ақ, жоба аясында «Есірткісіз Маңғыстау» атты ақпараттық тур ұйымдастырылады. Бұл тур облыстың 5 ауданы мен 2 қаласын қамтитын ақпараттық кездесулерді көздейді. Сонымен қатар, синтетикалық есірткіге тәуелді азаматтар мен олардың жақындарына арналған Telegram-бот және call-орталық іске қосылады.
Іс-шара соңында қатысушылар есірткіге қарсы өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.
Маңғыстау облысының жастары мен тұрғындары үшін Анонимді Колл орталығы іске қосылды. Бұл орталық есірткі мәселесіне тап болған азаматтарға құпия түрде көмек көрсетуге бағытталған.
Қоңырау шалушылар психологиялық кеңес алып, қажетті жағдайда тиісті мекемелерге жолданады. Байланыс құпиялығы толық сақталады.